• Сіз осындасыз:
  • Үйге
  • Жаңалықтар
  • Құрметті баспагерлер мен оқырман қауым, Аса қадірлі «Мектеп» баспасының ұжымы!

Құрметті баспагерлер мен оқырман қауым, Аса қадірлі «Мектеп» баспасының ұжымы!

Сіздерді, еліміздің оқу-ағарту саласының мақтанышына айналып, мұғалімдер қауымының ыстық ықыласына бөленіп келе жатқан  «Мектеп» баспасының құрылғанына 70 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын! Сонау сұрапыл соғыс жылдарынан кейінгі қиын кезеңде үкіметіміз бен  ұлтымыздың зиялы қауымы тарапынан қолдау тауып, бүгінде тамыры тереңге бекіген ұжым араға, міне, қаншама жыл салып, көркейіп өз дамуын жалғастыруда. Қазіргі таңға дейін баспа еліміздің оқушы жастарының сауатын ашып, біліктілігін арттыру жолында үлкен жұмыстар атқаруда.

Қазақстан Республикасы Президентінің сарабдал саясатының арқасында, тәуелсіздік жылдары айрықша көңіл бөлініп, белсенді дамуға бет алған саланың бірі білім саласы деп сенімді түрде айта аламыз. Елбасымыздың білімге деген тікелей қамқорлығының нәтижесінде еліміздегі бұл сала заман ағымына сай жаңаша түрленуде. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Білімді дамыта алмайтын елдің болашағы жоқ»  деген осы бір сөзі тек оқу-ағарту және білім саласына ғана емес, осы ұлағатты ұлы іс – білім беру үдерісіне етене атсалысып келе жатқан Сіздердің ұжымға да үлкен  жауапкершілік жүктейді.

Егеменді ел атанғалы бері бұл сала мазмұны жағынан да, енгізілген технологиялар жағынан да өте үлкен өзгерістерді бастан өткерді. Білім айдынына алғашқы қадам мектеп табалдырығынан бас­тау алады десек, әрине, қателеспейміз. Осы себепті әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, тәуелсіздік жылдары білім бағытында бірнеше рет түбегейлі реформалар жүргізілді. Нәтижесінде жаңа буын оқулықтары жарық көрді, араға жылдар салып  жаңғыртылған бағдарламамен оқытуға көшу ісі қолға алынды.  Бұл орайда  баспа ұжымына әдіскер-ұстаздар мен мұғалімдер қауымының алғысы шексіз!

Бұл қасиетті шаңырақ – қазіргі және келешектегі еліміздің оқушы жастарының шам-шырағы іспетті, осы шам-шырақтың сәулесі білім нұрын шаша берсін! Бұл баспаның ұстаздар мен оқушы жастар қауымындағы орны ерекше. Қазіргі таңда осы шаңырақтан басылым көрген оқулықтары мен оқу құралдары арқылы мектеп түлектерінің білім сапасы да жоғарылауда, яғни Сіздердің жас жеткіншектерді білім нәрімен сусындатудағы, жалпы оқыту мен тәрбиелеудегі орындарыңыз аса маңызды.

«Мектеп» баспасы – еліміздегі өзіндік өрелі тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді баспалардың бірі. Өткен ғасырдың орта шенінде «Учпедиз» атты шағын баспаханадан бастау алған баспа, осынау жылдар ішінде қызығы мен қиындығы мол үлкен жолды  басынан өткерді. Осы жылдардан бастап біздің Абай атындағы ҚазҰПУ  мен Сіздердің ұжым арасындағы шығармашылдық байланыс өрісін кеңінен жаюда. Сол 1950 жылдары Оқу-ағарту министрлігінің шешімімен «Қазақстанның физикалық географиясы» және «Қазақстанның экономикалық географиясы» жеке оқу курстары ретінде мектеп бағдарламасына еңгізілгенде, оның тұңғыш оқулықтары біздің оқу орнының оқытушыларының авторлығымен осы баспадан жарық көрген болатын.

Егемендік алғаннан кейін еліміздің географиясын оқытуға жүктеме санының күрт өсуіне байланысты жоғарыда аталған оқу курстары, енді дербес пәндерге айналды. Ендігі уақытта бұл пәндерге арналған төл оқулықтар біздердің авторлығымызбен, осы баспадан басылым көрді. Кейіннен жаңа буын оқулықтарын шығару мәселесінде біздің ұжымдар арасындағы байланыс  аса биік деңгейге жетті. Оның мысалы 10-11- сыныптарға арналған оқулықтарымыз осы баспадан жарық көргенін мақтанышпен айта аламын. Бүгінгі күнге дейін  бұл байланыс жалғасын тауып, шығармашылдық мазмұны арта түсуде.

Сіздердің ұжым алдағы уақытта да құрылымы мен мазмұны заман талабына сай отандық туындыларды ұсына отырып, оқушыларымызды сапалы да мәнді оқулықтар және оқу құралдарымен қамтамасыз ету арқылы болашақ жастарымызды рухани жаңғыру жолында тәрбиелеуге өздерінің лайықты үлесін қоса береді деген үлкен сенімдемін.

Баршаңызға зор денсаулық пен бақыт, еңбектеріңізге шығармашылық шабыт пен табыстар тілеймін!

Бейсенова Ә.С. ,  Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, география ғылымдарының докторы, профессор

Пікір

Комментарии могут оставлять только авторизованные пользователи

Комментариев пока нет