- Сіз осындасыз:
- Үйге
- Баспа тарихы
Баспа тарихы
«Мектеп» баспасы – бірыңғай мектеп оқулықтарын шығаруға арнайы ашылған еліміздегі ең байырғы баспа. КСРО Министрлер Кеңесі Қазақ КСР-інде оқулық шығаратын баспа ашу туралы 1947 жылдың 6 наурызында шешім шығарып, соның негізінде 20 мамырда Оқу-ағарту министрлігінің жанынан мектептерге арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар шығаратын баспа ашу туралы қаулы қабылдайды. Жаңа баспа «Қазақ мемлекеттік оқу-педагогика баспасы» («Казахское государственное учебно-педагогическое издательство», қысқарған түрі «Учпедиз») деп аталды. 1964 жылы баспа «Мектеп», 1990 жылы «Рауан» атын иеленсе, 2001 жылдан өзінің бұрынғы «Мектеп» атауын қайта алды. Баспа құрылған жылы жоспарлы түрде мектеп оқулықтарын, кейін мектеппен қатар педучилищелер мен жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдарын шығара бастады. Сонымен қатар кеңестік республикалар мен шетелдердегі қазақ диаспораларын қажетті оқулықтармен қамтамасыз етуді қолға алды.
Баспаның алдына қазақ, орыс, ұйғыр тілдерінде жалпы білім беретін мектептерді төлтума және аударма оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдармен, оқу-педагогикалық және ғылыми-танымдық әдебиеттермен қамтамасыз ету міндеті қойылды. Баспа құрылған жылы 4 редактордан тұратын құраммен «Әліппе», «Ана тілі» оқулықтарын жаңа оқу жылына шығарып үлгерді. Соғыстан кейінгі жылдары авторлар құрамын жасақтау, маман редакторлар, аудармашылар дайындау оңайға түскен жоқ. Әйтсе де баспа 40-жылдардың соңына қарай оқулықтарды жоспарлы түрде шығара бастады. Штат саны молайып, кәсіби деңгейі өсті. Авторларға айрықша шығармашылық жағдай жасалды.
50-жылдардың басында Қазақстандағы саяси жағдайлар жаңа құрылған баспаға біршама қиындық туғызғанымен, онжылдықтың соңында оны артқа тастап, 1964 жылы баспа қызметкерлерінің саны 100-ге таяп, полиграфиялық, техникалық мүмкіндіктері жақсарды. Баспаның жұмыс көлемі артып, пәндік құрылымда редакциялар жарақталды. Корректорлар, көркемдеу және техникалық редакторлар, қолжазба басатын орталық қызметкерлерінің саны ұлғайды. Орыс тілі мен әдебиеті және ұйғыр тілінде оқулық шығаратын редакциялар құрылды. Осы жылдары баспадан қазақ әдебиеті тарихына және теориясына арналған қазақ филологиясының жетістігі болып саналатын ғылыми зерттеулер жарық көрді. Баспа кеңестік республикалар мен шетелдердегі қазақ диаспораларын да қажетті оқулықтармен қамтамасыз ете бастады.
70-жылдары баспа құрылымдық жағынан ұлғайып, жұмыс ауқымы арта түсті. Жоғары оқу орындарына оқулықтар шығаратын редакция ашылып, оған кәсіптік-техникалық оқу орындарына оқу құралдарын шығаратын редакция қосылып, кейін ол «Ана тілі» редакциясы болып жеке шаңырақ көтерді.
80-жылдардың соңында баспада шетел тілдерінде оқулықтар шығаратын редакция ашылып, қазақ тілінің терминологиясын қалыптастыруда үлкен рөл атқарған тарих, философия, өнер, география салаларынан сапалы аудармалар басылды.
Моңғол Халық Республикасының Баян-Өлгий аймағында тұратын қандастарымыз 80-жылдардың соңына дейін оқулықтарын «Мектеп» баспасында әзірлеп, бастырып алып отырды. Бүгінгі таңда да баспа алыс-жақын шетелдегі қазақ диаспораларына көмек ретінде оқулықтар мен оқу әдістемелік кешендерін жіберіп тұрады.
Жалпы, 80-жылдардың басынан 90-жылдардың ортасына дейін баспаның штатында 150-ге жуық қызметкер болды. Жылына орта есеппен таралымы 10,5–11 млн дана, көлемі 3000 баспа табаққа жуық 300-ге тарта аталымды шығарып тұрды. Бұлардың жартысынан астамы оқулықтар болса, қалғанын оқырмандар сұранысын қанағаттандыратын алуан тақырыпты әдебиеттер құрады. Баспа тарихында «Мектеп кітапханасы», «Ата-аналар кітапханасы», «Халық даналығы», т.б. айдарлармен қосымша әдебиеттер жарық көре бастады.
90-жылдардың орта шенінде қазақ тілінде білім беретін мектептер мен балабақшалар санының күрт көбеюіне байланысты ана тіліміздегі оқулықтардың таралымы өсті, әсіресе бастауыш мектеп оқулықтарының таралымы айтарлықтай ұлғайды. Мысалы, «Әліппенің» таралымы 250 мыңға дейін жетті.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ мектеп оқулықтарының барлығын дерлік сапалы түрде жаңартып шығаруға баспаның мүмкіндігі болды. Бұл – оқулық шығаруға ұзақ жылдар маманданып, мол тәжірибе жинақтаған баспаның ғана қолынан келетін іс еді. Баспа Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 1999 және 2001 жылдары жаңа буын оқулықтарын шығаруға жариялаған тендерлеріне қатысып, алдымен 8–9-сыныптарға, одан кейін 10–11-сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін шығару құқығын жеңіп алған болатын.
2000 жылдан бергі аралықта осы аталған оқулықтардың байқау даналары республикамыздағы тірек мектептерде сынақтан өтіп, жыл сайын бір сыныпқа арналған оқулықтар толық таралыммен басылып отырды. Төл оқулықтар қазақ тілінде жазылып, өзге тілдерге аударылды.
Содан бергі жылдары жалпы білім беретін мектептің 8–11-сыныптарына арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдардың бірнеше басылымы қазақ, орыс, ұйғыр, өзбек тілдерінде жарық көріп келді. Бұл аса ауқымды мемлекеттік тапсырманы жүзеге асыруда Қазақстан ғылымының мақтанышына айналған көрнекті ғалымдар, тәжірибелі әдіскерлер, білікті мектеп мұғалімдері жұмыла еңбек етті.
Баспамыз 2001– 2002 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырған балабақшалардың мектепалды тобына және көмекші мектептердің төменгі сыныптарына арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар шығару тендерлеріне қатысып, балабақшалардың мектепалды тобына арналған қазақ, орыс тілдеріндегі 17 аталымды, көмекші мектептердің төменгі сыныптарына арналған 18 аталым оқулық пен оқу-әдістемелік құралдарды шығаруды жеңіп алды. Осы аталған оқулықтар мен оқу құралдарының бірнеше басылымы жарық көріп, бүлдіршіндерді білім нәрімен сусындатты.
Баспа авторларының жұмысын ұйымдастыру мақсатымен 2001 жылы ТМД мемлекеттері ішінде алғаш «Оқулық авторлары мектебі» құрылды. Мұнда авторларға мектеп оқулықтарын жазу барысында отандық және шетелдік үздік тәжірибелермен таныстыратын, оқулықтың құрылымдық компоненттері мен оларға қойылатын талаптарды анықтайтын семинарлар, тренингтер өткізіліп, оқу материалдарын іріктеуде әдістемелік көмек көрсетілді.
2016 жылдан бастап жалпы білім беретін мектептерге жаңартылған білім мазмұнымен жазылған оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдар әзірлеуге кіріскен баспамыз бүгінгі күнге дейін 5–11-сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді толық таралыммен шығарып, республика мектептерінің тапсырысын қанағаттандырып отыр.
Кейінгі жылдары баспаның жыл сайынғы тақырыптық жоспарынан тарих, философия, география, халық педагогикасы, этнопсихология, өнер, экономика, спорт тақырыптары ерекше орын алуда. Бұл орайда ұлттық фольклордың үздік үлгілері, қазақтың ұлы ақын-жырауларының және жазба әдебиет классиктерінің, бүгінгі заманғы сөз шеберлерінің үздік шығармалары, шетелдік авторлардың туындыларын атап өтуге болады. Қосымша оқу әдебиеттерінен ғылыми-танымдық, тарихи-географиялық басылымдар, фотоальбомдар, сыныптан тыс оқуға арналған кітаптар, тіл үйренуге арналған тілашарлар, мемлекеттік тілді өздігінен үйренуге арналған оқу құралдары, терминологиялық және түсіндірме сөздіктер жарық көруде.
Баспа уақыт талабына сай жаңа идеялар мен тәжірибелер алмасу мақсатымен алыс-жақын шетелдердің оқулық шығаратын баспаларымен қарым-қатынас жасап, кітап көрмелері мен жәрмеңкелеріне қатысып отырады. Жыл сайын Алматы қаласында ұйымдастырылатын «Жібек жолы» кітап көрмесінің, республика көлемінде болып жататын басқа да кітап көрмелерінің жоғары дәрежеде өтуіне атсалысады. Сондай-ақ Мәскеу, Лейпциг, Майндағы Франкфурт, Минск, Ашхабад қалаларында өткен халықаралық көрмелерге қатысып, талай жүлделі орындарға ие болды.
Өз тарихында «Мектеп» – бұрынғы құрылымдық жүйесі мен шығармашылық әлеуетін сақтап қалған, аса зор кәсіби және интеллектуалдық тәжірибе жинақтай білген қажырлы баспа. Бүгінде баспамыз жаңартылған білім мазмұнымен толықтырылған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді даярлап, басып шығаруда зор жетістіктерге жетті. Оқулық жасаудың нағыз шеберіне айналған баспамыз әлі талай белестерді бағындыратынына сеніміміз мол.