Құрметті «Мектеп» баспасының ұжымы

Еліміздің іргелі де ең байырғы оқу-педагогикалық баспасының ұжымын және баспа басшысы Ерлан Әбенұлы Сатыбалдиевті  баспаның құрылғанына 70 жыл толған мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!

Оқу министрлігінің тікелей қолдауымен оқу әдебиеттерін шығаруға арнайы құрылған баспаның ашылуы елдің мәдениеті мен шығармашылық өміріндегі елеулі оқиға болды. Жаңадан ашылып, Ә.Сәрсенбаев директорлық еткен «Қазақ мемлекеттік оқу-педагогика баспасының» әуелде оқулықтарды, оқу құралдарын, кейін оқу процесіне қосымша оқу әдебиеттерді басып шығарғаны есімде. 1949 жылы Жазушылар одағында осы кітаптардың көркемдік сапасы жайында мәселе көтеріліп, баяндама жасағаным бар. Ол мақала күйінде «Әдебиет және искусство» журналында жарияланған болатын.

1951 жылдан осы баспаның ұсынысымен оқулық авторы болдым. 9-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығын А.Нұрқатов, З.Қабдолов үшеуміз жазуға кірістік. Оқулық толық таралыммен шығып, жұртшылық жақсы қабылдады. Содан күні бүгінге дейін талай оқулық жазылды, баспамен орнаған байланысым әлі үзілген жоқ. Егемендік алғаннан кейінгі жылдары 10-11-сыныптарға арналған жаңа буын оқулықтарын жазатын авторлар ұжымына да қатыстым. Сол оқулықтарымыз бүгінгі күнге дейін мектептерде қолданыста жүр. Мектепке арнап факультативтік курс оқулығын жаздым. М.Қаратаев, Т.Нұртазиндермен бірге жоғары мектепке арналған кеңес дәуіріндегі «Қазақ әдебиеті» оқулықтарын шығардық. С.Сейфуллин шығармашылығы жайлы жоғары мектеп үшін семинар дайындадым. «Мектеп» баспасы осы менің аты аталған еңбектерімді «Мектеп және қазақ әдебиеті» деген атпен кітап етіп басып шығарды. Оқу министрлігі жанындағы оқу-әдістемелік кеңесте қазақ әдебиеті секциясын басқардым. Ұзақ жылдар мектепке арналған оқу бағдарламалары мен қосымша оқу құралдарын жасауға араластым. Осылардың бәрі менің «Мектеп» баспасымен туыстасып кетуіме себепші болды. Бұл жылдар арасында көптеген баспа басшыларымен, редакторлармен тіл табыстық. Бәріне алғысым зор.

Бүгінде 70 жылдық мерейтойын тойлағалы отырған «Мектеп» баспасына және оның басшысы Ерлан Әбенұлына білім бұлағы — кітап басып шығарудағы табыстары молайып, ел алдындағы абыройы артып, оқырмандары көбейе берсін деген тілек білдіремін! Рухани саладағы еңбектеріне әрқашан табыс тілеймін.

Серік Қирабаев, ҰҒА академигі

 

Пікір

Комментарии могут оставлять только авторизованные пользователи

Комментариев пока нет