«Мектеп» баспасы 70 жаста!

Күллі қазақтың қастер тұтар шаңырағына айналған баспаның 70 жылдық бай тарихына көз жүгіртсек, сонау жылдарда іргесі қаланып, ұрпақ  тәрбиелеуде көшбасшы болған баспаның әлі де сол биіктен түспегенін байқаймыз.  Халықтың рухани азығы болу – баспаның абыройлы міндеті. Қандай қиын кезеңдерде де оқырманға сапалы өнім ұсынудан танған емессіздер. Біз мұны сол абыройлы міндеттің орындалғаны деп білеміз. Халықтың әдебиеті мен мәдениетінің, білімі мен білігінің артуына, көкжиегінің кеңеюіне айрықша еңбек сіңіріп келесіздер.

Баспаның көпжылдық тарихында Қазақстан ғылымының мақтанышы болған аса көрнекті ғалымдар мен әйгілі ұстаз-педагогтердің, есімі елімізге қадірлі мұғалім-әдіскерлердің «Мектеп» баспасының авторы болмағандары некен-саяқ. Ә.Марғұлан, Н.Сауранбаев, Н.Базанова, О.Жәутіков, І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, М.Балақаев, С.Аманжолов, Т.Дарқанбаев, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиев, Е.Бекмаханов, Д.Сокольский, С.Бәйішев, М.Ғабдуллин, Е.Лизунова, Т.Тәжібаев, Т.Нұртазин, Т.Қордабаев, С.Жиенбаев, Ә.Қоңыратбаев, Л.Бекмаханова, Т.Әбдірахманов, Т.Ақшолақов, Ә.Шәріпов, З.Қабдолов, С.Қирабаев, 3.Ахметов, К.Ақанов, Ә.Қайдари, М.Қозыбаев, К.Нұрпейісов, Ш.Сәтбаева, Ә.Бейсенова, М.Базарбаев, Р.Бердібаев, Ө.Жәнібеков, Т.Қожекеев, Х.Әдібаев, Р.Нұрғалиев, С.Исаев, Ж.Қасымбаев, Р.Нұртазина, Қ.Бітібаева т.б. сияқты авторлармен бірге атқарған жұмыстарыңыздың жемісі – баспа ұжымының ғана емес, халықтың мақтанышына айналған құнды мұра.  

Баспаның тарихы – ұлттың рухани дамуының тарихы. Бүгінде «Мектеп» баспасы замана көшіне лайық қадамдар жасап, уақыт талабына сай салтанатымен қазақстандық баспа саласында көш бастап келеді. Мұның барлығы да кешегі өткен алыптар тобы құраған аға буынның және бүгінгі күні еңбек етіп жүрген алдыңғы толқын мен асылдың сынығы Ерлан Әбенұлының ерен еңбегінің арқасы деп білеміз.

Уақыт өткен сайын мазмұны жағынан байып, биіктеп, тереңдеп келе жатқан «Мектептің» ұжымына зор құрметімді білдіремін. Мерейтой құтты болсын, әріптестер! Баршаңызға шығармашылық табыстар тілеймін!

Құрметпен, Әлібек Асқаров

Пікір

Комментарии могут оставлять только авторизованные пользователи

Комментариев пока нет