Сүйікті баспамызға 70 жыл

Құрметті халайық! Қадірлі оқырмандар! «Мектеп» баспасы 70  жаста! 70 жыл бойы ол ұлтымызға қызмет етіп келді! Мемлекеттің алдына қойған ең ауыр да жауапты оқулық шығару ісін мойнына алды.

Қашанда болмасын білім беру үдерісі – маңызды іс. Бұған көпшілік тарапынан қойылар талап та, үкімет тарапынан сұраныс та жоғары. Білім беру үдерісінің тиімділігі, қолжетімділігі және нәтижелілігі оқулық пен оқу құралдарының сапасына байланысты. Сапалы оқулық шығарумен айналысқан «Мектеп» баспасы  талай ұрпақтың терең білім алып, алған білімін өмірде қолдана алатын дағдысын жетілдіруге атсалысты. Республикада ұзақ жылдар бойы көпшіліктің көңілінен шыққан  оқулық пен оқу құралдарын басып шығарған  бірден-бір баспа осы «Мектеп» баспасы  болды.

«Мектеп» баспасының барлық жетістіктері мен абыройы –  баспа басшылығы мен ұжымының тікелей еңбегі. Бұл жылдарда баспаны салиқалы әрі білікті мамандар басқарды. Мұнымен қоса өз ісінің шеберлері, сауатты да білімді қызметкерлер баспаның атына кір келтірмей, тапсырған істі аса жауапкершілікпен атқарып келді.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін халықтың санасы жаңғырып, жаңа мазмұнда, жаңа бағытта оқулық жазу ісі қолға алынғанда, баспаның жауапкершілігі еселеп артты. Егеменді Қазақстанның алғашқы оқулықтарын жазу ісі тәжірибесі мол, білікті мамандары көп осы баспаның іс-тәжірибесіне сүйенді. Тәуелсіз санаға негізделген,  ұлттық рухпен әрленген оқулықтарды басып шығару әрі құрметті, әрі жауапты іс болатын. Осы жылдарда баспа директоры болып қызмет атқарған Ерлан Сатыбалдиев  мырза авторларға бар жағдайды жасап, үлкен сенім артты. Авторлыққа кәсіби мамандар, атақты ғалымдар мен әдіскерлер таңдалып, жұмылдырылды. Баспа өз авторларына моральдық және материалдық жағынан қолдау көрсетіп келеді. Осы үшін біз баспа басшылығына дән ризамыз.

Құрметті Ерлан Әбенұлы және баспа ұжымы! Айтулы мерекелеріңіз құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, Мәңгілік Елдің дарынды ұрпақтарын әрі қарай оқытып, тәрбиелеуде, отансүйгіш тұлға қалыптастыруда Сіздерге бел ортасында болуға жазсын!

Құрметпен, филология ғылымдарының докторы, профессор,
ҚA Білім беру ісінің құрметті қызметкері  Гүлбану Қосымова.

 

Пікір

Комментарии могут оставлять только авторизованные пользователи

Комментариев пока нет