«Мектеп» баспасының даму шағы зор

Жүрегің лүпілдей тұңғыш рет партаға отырғаныңда алдыңнан шығатын алғашқы кітап – «Әліппе». Осы әліппенің алдыңғы беттерінен «Мектеп» баспасы»  деген жазуды көресің. Бірақ әлі хат танымаған саған  бұл сөздер жұмбақ болып көрінеді. Әріп  танығаннан кейін  «мектеп» деген атаудың не мағына беретінін білесің, ал «баспа» деген атаудың  байыбына жете алмай, «бұл не?» деген сұраққа жауап іздей бастайтының да  шындық. Қатар тұрған осы екі  сөзді әр оқулықты ашқан сайын көзің шалады. Көзіңе бірден  ыстық көрінетін бұл сөздердің мәні мен мағынасына  мән  бере назар аудармаған күйі мектеп бітіріп кететінің де рас. Бірақ «Мектеп» баспасы» деген жазу сенің санаңда мәңгі жатталып қалады.

Иә, расында, білім мен ғылым ордаларының  табалдырығын аттаған әрбір ұл мен қыз «Мектеп» баспасы шығарған оқулықтардан әріп таныды; жазу үйренді; мәнерлеп оқуға машықтанды; тарихты білді; аспан әлемінің құпияларын оқыды; жер-су атауларын ғана емес, олардың сипатын жадында қалдырды;  жердің өзін де, оның  төсінде өмір сүріп жатқан тіршілік иелерін  де көзбен көргендей болды; химиялық құбылыстар мен физикалық өзгерістер сырына қанықты; есеп-қисап шытырмандарын шешуді көкейіне тоқыды;   табиғат тылсымдарын, өсімдік,  жан-жануар, аң-құстардың  тіршілігін, жалпы қоршаған ортаны  таныды; тіл үйренді, сөз сырына ой жүгіртті, әдебиет әлеміне бойлады; мәдениет нәрін бойына сіңірді.

Демек, «Мектеп» баспасы шаңырақ көтергелі бері жыл сайын өзі шығарған оқулықтары арқылы ұрпақ  санасына  білім мен мәдениет  нәрін құю нәтижесінде   ұлтымыздың  адамзаттық   өркениетке өз үлесін қосуына  негіз қалап келеді.  Бұл үрдіс басталғалы 70 жыл өтіпті. «Елу жылда ел жаңа» деген халық даналығын еске алсақ, жарты ғасырға жетпей-ақ жаңғырып жатқан жаңа заман көшінен қалмай, әлемдік даму үдерістеріне ілесе отырып, өскелең ұрпақтың танымы мен талғамына сай аса қажетті оқу құралдары мен оқулықтарды даярлап, шығарып, таратып келе жатқан «Мектеп» баспасы ұжымының  еңбегі өлшеусіз.

«Мектеп» тек мектеп оқулықтарын, тек мектепке  қажетті баспа өнімдерін ғана шығарып қоймайды, жалпы білімге құштар, білуге іңкәр оқырмандардың сұранысына қарай танымдық-тағылымдық басылымдарды да шығарады. Нарық талаптарына икемделген баспаның әлемдік стандарттарға сай шығарған өнімдері Халықаралық көрмелерде  сан мәрте жүлделі болғандығы — оның  материалдық-техникалық жағынан да, рухани әлеуеті тұрғысынан да қазақстандық баспалардың көшбасшыларының бірі екендігін дәлелдейді.

Жалпы, қай мекеме болмасын, жұмысын жүйелі жоспарлап, халық сұранысына қарай ілкімді де икемді іс атқарғанда ғана зор нәтижеге жетпек. Бұл тұрғыда баспа басшылығының ұтымды  ұйымдастыруы мен ұжымның жұмыла жұмыс істеуін ерекше атап өткім келеді.

«Мектеп» баспасының даму шағы зор, алдағы уақытта да мемлекетіміздің мүддесіне, ұлттың мұратына, халықтың сұранысына адал қызмет атқара беретініне еш күмән жоқ.

Сағатбек Медеубекұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты

 

 

 

Пікір

Комментарии могут оставлять только авторизованные пользователи

Комментариев пока нет