Мерейтойыңмен, киелі шаңырақ!

Қазақстан Республикасының тәуелсіздік жылдарындағы айрықша бөліп айтуға тұратын, мақтаныш сезімін ұялататын жетістіктерінің бірі  төл оқулықтарымыздың дайындалуы. Елімізде мектепке арналған жаңа буын оқулықтарын әзірлеуде, авторлар мектебін қалыптастыруда, мектеп оқулықтарының тілі мен стилін анықтауда

«Мектеп» баспасының қомақты үлесі бар деп есептеймін.Менің «Мектеп» баспасы ұжымымен таныстығым 2002 жылдан басталды. Осы жылы академик Ә.С. Бейсенованың жетекшілігімен құрылған авторлық топ құрамында жаратылыстану-математика бағытындағы мектептер үшін 10-сынып оқулығын дайындаған едік. Келесі жылы осы бағыттағы 11-сынып оқулығының байқау нұсқасы жарық көрді. Кейіннен осы оқулықтар бірнеше рет қайта басылып, жалпы білім беретін мектептерде негізгі оқулық ретінде қолданыста болды. Оқулықтармен бірге география пәні бойынша оқу-әдістемелік кешендерді дайындау қатар жүзеге асырылды. Сол жылдары баспа ісінің қыр-сырын білетін тәжірибелі басшы Е.Ә. Сатыбалдиевпен өз ісінің кәсіби шебері, бас редактор Ш.Ы. Баспақованың басшылығымен білікті әрі талантты мамандардың қажырлы еңбегіне куә болдық. Осы кезеңде төл оқулықтардың сапасын арттыруға жан аямай кіріскен баспа ұжымының талмас еңбегінің арқасында талай оқулық дайындалып, еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіліп жатты...

Әйтсе де осы уақытта төл оқулықтарымыз талай жерде орынсыз сыналған кездеріне де, еліміздің игі жақсылары мен қарапайым ата-аналардың оқулық қателерін жіпке тізіп, оның сапасын арттыруға батыл ойлар айтқандарына да куә болдық.«Мектеп» баспасынан жарық көрген аса мазмұнды, еліміздің ерекше табиғатын дәріптейтін қомақты туындылар қатарына фотоальбомдар топтамасын жатқызуға болады. Осы топтамадағы «Орталық Азия таулары», «Қазақстан табиғаты» және «Жетісу» фотоальбомдарын қазақ тіліне аударуға өз үлесімді қосқанымды мақтан етемін... 

«Мектеп» баспасымен бірлесе жұмыс істеудегі тәжірибеме  сүйене отырып, оқулықтың сапалы болуы баспаның байыпты кәсіби қызметі мен автордың жоғары біліктілік деңгейі ұштасқан жағдайда ғана мүмкін болатыны туралы ой түйдім. Ұйқысыз түндерде инемен құдық қазғандай деректерді саралау мен талдау, бала ұғатын тілмен ғылыми мазмұнды беруге тырысу, редактор мен суретшімен ынтымақтастықта жұмыс істеу  – оқулық авторының сан қырлы еңбегінің  нәтижесі. Әрине, жоспарлы жұмыста кей жағдайда шабыт пен уақытты үйлестіру қиынға соғады. Авторлар ұжымы көп жағдайда негізгі жұмысындағы қарбаластан шыға алмай, оқулықты аяқтауға үлгермей жатады. Осы жағдайда авторлармен жылы да іскер қарым-қатынас орнату, жоспарлы мерзімге сапалы туындыны ұсыну баспа үшін оңайға түспейтіні де рас. Дегенмен оқулық дайындаудың қыр-сырын әбден меңгерген «Мектеп» баспасының ұжымы талай қиын сындардан қайыспай өткенін көзіміз көрді...

«Мектеп» – менің баспам, менің оқулық авторы ретінде қалыптасуыма жол ашқан, еңбек сіңірген  ыстық ұя. Бұл киелі шаңырақтың есігінен кіргеннен-ақ, мені жылы жүзбен қарсы алатын баспа ұжымы осы жылдардағы менің барлық жеңістерім мен жетістіктеріме бірге қуанып, көңіліме түскен кірбің мен қайғымды бірге көтерісті... Бүгінгі күні жетпістің шыңына шығып, ақсақал жасына жеткен сүйікті баспамды мерейтойымен шын жүректен құттықтай отырып, ұжымның береке-бірлігі нығайып, шығармашылық әлеуетінің арта түсуіне, еліміз дамуының басты көрсеткіші – білім саласының қарыштап дамуына үлкен үлес қоса беруіне шын жүректен тілектес екенімді жеткізгім келеді. Баспаның, сіздермен шығармашылық шабытын, білімі мен біліктілігін бөлісіп, ынтымақтаса еңбек етіп келе жатқан авторлар тобының табыстары мол болсын!

География ғылымдарының докторы, Абай атындағы ҚазҰПУ Жаратылыстану және география институтының директоры: 

Каймулдинова Күләш Дүйсенбайқызы

 

Пікір

Комментарии могут оставлять только авторизованные пользователи

Комментариев пока нет